Этнос — халық, көсемсөз — сол халықтың тілі,- дер едім. Яғни, халықтың, қоғамның, ортаның тілі.
Армысыз, оқырман!
Этнокөсемсөз. Алғашқылардың бірі болып «этнос» ұғымына анықтама берген М. Вебер: «Этнос — сыртқы бейнелерінің, әдет-ғұрыптарының ұқсастықтарына қарай немесе ортақ
отаршылық, не көші-қонды басынан өткерген тағдырлас тарихына қарай өздерінің шығу тектерінің бір екендігіне сенетін топ» деген екен. Бұдан кейін де көптеген зерттеушілер этносқа аумақ, тіл, дін ортақтығының негізінде әртүрлі анықтама беруге тырысты. Этникалық ұйысудың басты тетігі салт-дәстүр, әдет-ғұрып. Мұраға қалатыны — медениет. Демек, этнос ең алдымен, меденитілдік қауымдастық. Ал, көсемсөз — осы қауымдастың алдында тұрған, ол өмір сүрген дәуірдің саясатымен, философиялық көзқарастарымен байланыстыра отырып, халықтың рухын көтеретін, уытты да ұшқыр, деректі тілмен жазылған, өткір маселелерін қозғайтын саласы. Бәрімізді игі істерге шақыра отырып, бір мақсатка жұмылдыратын замансөз жанры. Уақыт өте келе алғашқы этникалық белгілер жаңа ортаға бейімделіп жаңарады, ескілері ұмытылып, санадан біртіндеп, біржола өшеді. Демографиялық және экологиялық дағдарыстар кезінде этностар «бөтен» дәстүрлерге бейімделе бастайды. Жиырмасыншы ғасырдың орта шегінде әдет-ғұрыптарымыз қоғам дамуына орай, ұмытыла бастағанмен, көптеген дәстүрлеріміз көрегенді әжелеріміз бен аталарымыздың арқасында халықтын жадында сақталып келді. Тәуелсіздік алған жылдардан бастап қана сол дәстүрлеріміз жайлы корықпай айта алатын, ұрпағымыздың құлағына емін-еркін сіңіре алатын халге жеттік. Аңыз-әнгімелер мен ертегілер, ұлағатты да ғибратты сөздер, салттар мен ғұрыптар, әдеттер мен әдептер тіршілігіміз бен күнделікті тұрмыста да қайта жаңғырып, келешек ұрпақ игілігіне жол тартып отыр.
Ендеше, осы портал арқылы Біз Сіздермен өлгені тіріліп, өшкені қайта жанған дәстүрлеріміздің түрлерімен және ұлттар мен ұлыстардың этно басылымдарында жарық көрген қызықты жарияланымдармен жиі қауыштыратын боламыз.